Алматы маңында үлкен есірткі зертханасы табылды

Алматы облысы Талғар ауданында фермерлік шаруашылық аумағында 35 мың доза мефедроны бар есірткі зерханасы табылды. Бұл жөнінде Polisia.kz ақпарат порталы хабарлады.

Операцияны есірткі қылмысымен күрес басқармасы арнайы бөлім сарбаздары және облыстық прокуратура бірлесіп жүргізген. Тінту кезінде 11 келіден астам мефедрон (құны 1,6 млн доллар), 20 литр және 115 кг психотроптық заттар, сондай-ақ 2 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді. Бұл заттардан 120 кг синтетикалық есірткі жасау жоспарланған.

"Алдын ала есеп бойынша, полицейлер 200 мыңнан астам бір реттік дозаның заңсыз таралуына жол бермеді. Бұл есірткінің нарықтағы құны 3 миллиард теңгеден асады" деді өңірлік полиция басшысы Мейрам Әбікенов.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыстық ортаға 17,5 миллион доллар шығын келтірілген.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр.

Қазақстанда есірткі өндіріп, таратқаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.