Кабул су қоры сарқылған алғашқы астана болуы мүмкін

Кабул тұрғыны су толы ыдысты көтеріп барады. 2010 жыл.

Ауғанстан астанасы Кабул бес жыл ішінде мүлде сусыз қалуы мүмкін. Бұған халық санының тез өсуі, климаттың өзгеруі және суды дұрыс басқармау себеп. Кабулдың көп ауданы қазірдің өзінде сусыз отыр, тұрғындар тамақ пен барған сайын қымбаттап жатқан судың бірін таңдауға мәжбүр.

Кейінгі он жылда Кабулдағы жерасты суының деңгейі 30 метр төмендеген, ал тұрғындар үшін ауыз судың негізгі көзі саналатын қала құдықтарының жартысына жуығы құрғап қалған. Бұл туралы Mercy Corps үкіметтік емес ұйымының жуырдағы зерттеуінде айтылған.

Қалада жерасты суына сұраныс тым жоғары: жыл сайын табиғи жолмен толықтырылатын мөлшерден 44 миллион текше метр су артық алынады — бұл тұрақты деңгейден екі есе көп.

Кабулда 2000 жылы шамамен екі миллион адам тұрса, 2025 жылы халық саны алты миллионнан асты. Алдағы бес жылда қаладағы су ресурсы толық сарқылуы мүмкін екенін ескерсек, тұрғын санының еселеп артуы бұл процесті тым жеделдетіп жатыр.

Mercy Corps ұйымы мен Азаттық радиосына сұхбат берген ауған су ресурстарын басқару саласы сарапшыларының дерегінше, қаладағы жерасты су қабаттарын 100 мыңнан астам бақылаусыз бұрғыланған құдық және жүздеген зауыт пен жылыжай сарқып жатыр.

"Кабулда шамамен 400 гектар жылыжай бар, олар жыл сайын шамамен 4 миллион текше метр су тұтынады, – деді су ресурстары мен климаттың өзгеруін зерттейтін германиялық маман Наджибулла Садид. – Сондай-ақ Кабулда 500-ден астам сусын шығаратын кәсіпорын бар. Олардың ішіндегі ең ірісі – Alokozay компаниясы жылына шамамен 1 миллион текше метр жерасты суын пайдаланады".

Шұғыл шаралар қабылданбаса, 2030 жылға қарай Кабулдағы жерасты суы толық сарқылып, бұл қала тұрғындарының өміріне қауіп төндіріп, жұрт жаппай көшуі мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымы осылай дабыл қағып отыр.

"Су мен тамақтың бірін таңдаймыз"

Кабулдың біраз ауданы қазірдің өзінде құрғап кеткен. Тұрғындар аз ғана мөлшердегі суды су тасушылардан сатып алуға мәжбүр.

Кабулдың солтүстік-батысындағы тұрмысы жақсы Таймани ауданында тұратын ер адам ай сайынғы жалақысының төрттен бірін суға жұмсайтынын айтты.

"Айлық жалақым 21 мың афғани (300 доллар), он адамнан тұратын отбасымызға кем дегенде 5 мың афғани (70 доллар) суға жұмсаймын, — деді ол 26 маусым күні. — Бұл суды шай демдеуге, тамақ дайындауға, ыдыс жууға, кір жууға және жуынуға пайдаланамыз. Суды мүлде сатып ала алмайтын отбасы көп, олар су мен тамақтың бірін таңдауға мәжбүр".

Ауған қызы қоғамдық құдықтан су алып тұр. Кабул, Ауғанстан. 28 сәуір, 2022 жыл. (AP Photo/Ebrahim Noroozi)

Суды сатып ала алмайтын адамдар қоғамдық су сорғы орнатылған аудандардан су алу үшін бірнеше шақырым жол жүреді дейді ол. Кабулдағы көптеген тұрғын үйге су аптасына бір-екі рет қана беріледі.

Судың ластануы — Ауғанстанды алаңдататын тағы бір күрделі мәселе. БҰҰ деректеріне сәйкес, бұл елде халықтың шамамен 80 пайызы қауіпсіз, таза ауызсуға зәру.

Сарапшылардың айтуынша, Кабулдағы жерасты суының көп бөлігі кәріз суы, улы заттар және көп мөлшердегі мышьякпен ластанған.

Мәселенің шешімі бар ма?

Батыс қолдау көрсеткен, бірақ 2021 жылы құлаған бұрынғы ауған үкіметі Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес, су секторын жаңғырту үшін халықаралық донорлардан 4 миллиард доллардан астам қаржы алған. Алайда ел астанасында да, басқа аймақтарда да оның нәтижесі әлі байқалмай тұр.

Қазіргі "Талибан" басқарып отырған үкімет өкілдері пікір білдіруді сұраған өтінішке жауап бермеді. Дегенмен жергілікті сарапшылардың сөзінше, нақты шаралар қолға алынса, Ауғанстан астанасындағы су мәселесін шешуге мүмкіндік бар.

"Бұл жаңадан пайда болған мәселе емес. Он жылдан астам уақыт бойы ауған билігіне бұл мәселені шешудің түрлі жолдары ұсынылып келеді, бірақ олар ешқашан бұл ұсыныстарға баса мән бермеген", –деді Садид.

Ұсынылған шешімдер арасында Кабулдан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 30 шақырым жердегі Шахтут бөгеті жобасы бар. Бұл жоба жүзеге асса, ол қаладағы 2 миллионнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етіп, жерасты су қабаттарының қалпына келуіне көмектесер еді.

Ер адам балаларымен ортақ құдықтан су алып жатыр. Кабул, Ауғанстан. 30 шілде, 2018 жыл. (AP Photo/Rahmat Gul)

Тағы бір жоба бойынша, жылына 100 миллион текше метрден астам суды Панджшер өзенінен астанаға жеткізу үшін 200 шақырым құбыр желісін салу жоспарланған.

Екі жобаның да техникалық-экономикалық негіздемесі бұрынғы ауған үкіметі кезінде әзірленген.

Сәуір айында "Талибанның" энергетика және су ресурстары министрлігі Панджшер құбыры бойынша құрылыс жұмыстарын бастау үшін бюджеттің мақұлдануын күтіп отырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар үкімет құны 170 миллион доллар болатын бұл жобаны қаржыландыру үшін қосымша инвесторлар іздеп жатқаны айтылды.

Ауғанстан қаржы таба алса, Шахтут жобасы 2027 жылы аяқталуға тиіс. Бөгет салып, суқойма жасауға шамамен 236 миллион доллар қажет болады.

"Саяси ерік-жігер болса, мәселе бір жарым жыл ішінде шешілуі мүмкін", – деді су ресурстары мен климаттың өзгеруі бойынша кабулдық сарапшы Абдул Басет Рахмани.

Жас бала Кабул шетіндегі құдықтан су құйып алып жатыр. 27 сәуір, 2025 жыл. (Photo by Wakil KOHSAR / AFP)

Алайда ол қысқа мерзімдегі шұғыл қажеттіктерге де назар аудару қажет дейді, сол үшін халықаралық гуманитарлық ұйымдарды "Кабулда ауыз су сатып алуға шамасы келмейтін кедей адамдарға шұғыл көмек көрсетуге" шақырады.

"Мұндай көмек оларды үлкен қаржылық және психологиялық қыжалаттан құтқарып, аурудың алдын алып, көптеген баланың мектепке оралуына көмектеседі, – деді ол. – Қазір көп бала білім ала алмай отыр, себебі отбасына көмектесу үшін олар күн сайын бірнеше шақырым жүріп, тегін су беретін жерлерге барады".

Халықаралық Қызыл крест комитеті және БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) сияқты гуманитарлық ұйымдар кейінгі жылдары Ауғанстанда жүздеген мың адамды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше жобаны жүзеге асырды.