"Төрт баласымен бірге өзенге секірді". Тәжікстанда жас әйелдерді өмірден күдер үзуге не итермелейді?

Тәжікстанның Хатлон облысы Фархор ауданындағы Сурхоб өзені

Тәжікстанның оңтүстігіндегі Фархор ауданында тұратын 27 жастағы келіншек төрт баласымен бірге өзенге секіріп кетті. Ең кенжесінің дүниеге келгеніне екі-ақ ай болған еді. Балалардың бәрі мерт болды. Кейінгі мәліметтер бойынша, екеуі өзеннен табылған. Келіншектің өзі аман қалды. Бұл оқиға бүкіл Тәжікстанды дүр сілкіндірді. Әйткенмен, бұл бірінші рет болып отырған жайт емес, мұндай қайғылы оқиғалар елде жылда қайталанып келеді.

30 маусымға қараған түні 27 жастағы Мәдина Халимова шалғайдағы Хатлон облысы Фархор ауданындағы үйінен бес жасар Латофат, үш жасар Зайнаб, екі жасар Ёсамин және екі айлық Мұхаммадты алып шыққан.

Біраздан кейін келіншек балаларымен бірге жаңбыр суынан лайланып, буырқанып, дүркірей ағып жатқан Сурхоб өзеніне секіріп кеткен.

Мәдинаның өзі ғана тірі қалды.

Не жағдай болған?

Тәжікстанның Төтенше жағдайлар комитеті қайғылы оқиға түнгі сағат бірдің шамасында болғанын растады.

"Азия-Плюс" агенттігіне берген сұхбатында Мәдинаның күйеуі Кудратулло Шарифов 29 маусым күні кешке қайтыс болған туысының үйіне көңіл айтуға барғанын, шамамен сағат 23-те үйге оралғанын айтқан. Төрт баланың екеуі ұйықтап жатқан. Оның сөзінше, зайыбымен және қалған екі баласымен бірге кешкі ас ішіп, балалармен біраз ойнаған соң 23:30-шамасында ұйықтауға жатқан.

"Таңертең тұрсам, әйелім де, балаларым да жоқ. Әуелгіде анамның үйіне кеткен шығар деп ойладым – көрші тұрамыз. Бірақ балалардың аяқ киімі үйде қалыпты, ал өздері еш жерде көрінбеді", – дейді ол.

Бала-шағасын іздеуге кіріскен Кудратулло әйелі жазған хатты тапқан. Онда былай деп жазылыпты: "Латофаттың әкесі, мені кешір. Мен саған жақсы әйел бола алмадым, саған қызмет ете алмадым".

Кудратулло туыстарына және милицияға әйелі мен балалары жоғалып кеткенін хабарлаған. Милиция бөлімшесінде жүргенде ағасы телефон шалып, Мәдинаның табылғанын айтқан.

"Біз милиция қызметкерлерімен бірге шықтық. Солардың көзінше Мәдина түнде үйге бейтаныс екі ер адам келіп, өзін сыртқа шығып, балаларын өзенге тастауға мәжбүр еткенін айтты. Ол: "Олар мені мәжбүрледі. Содан кейін балаларды суға тастадым" деді", – деп баяндады болған оқиғаны Кудратулло Шарифов.

Кейінгі ресми мәлімет бойынша, қайғылы оқиға салдарынан мерт болған екі бала өзеннен табылған. Тағы екі баланы іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосына берген сұхбатында Кудратулло Шарифов әйелінің психикалық дертке шалдыққанын және "үнемі ем қабылдағанын" айтқан, бірақ бұған ешқандай дәлел келтірмеген.

Келіншектің туыстары оның дін аман екенін және психдиспансерде тіркеуде болмағанын мәлімдеген.

Мәдина Халимова. Озоди радиосы тілшісіне берілген сурет.

Кейбір басылымдар өз дереккөздеріне сүйеніп, Мәдина күйеуі екінші әйел алғанын білгеннен кейін күйзеліске түскен деп жазды (Тәжікстанда көп әйел алуға заң жүзінде тыйым салынған және ондай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Алайда іс жүзінде ер адамдар арасында ресми некеде бола тұра, діни салт-жоралғымен "неке қидырып", тоқал алатындар жиі кездеседі – ред.).

Бұл ақпаратты растайтын ресми дерек жоқ. Келіншектің туыстары да ондай қауесетті жоққа шығарды.

Қазір Мәдина Халимова қамауда отыр. Оның үстінен "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Отбасы жайлы не белгілі?

Фархор ауданы әкімінің орынбасары Дилбар Рахматуллозода Азаттық Азияға берген сұхбатында қайғылы оқиға болған отбасы сырт көзге төрт құбыласы тең шаңырақ саналып келгенін айтты.

Оның айтуынша, Мәдина орта мектепті де аяқтамаған, Кудратулло екеуі 2018 жылы үйленген. Ерлі-зайыптың отбасында 2020 жылдан бергі бес жыл ішінде төрт бала дүниеге келген.

– Үйленген кезде Мәдинаның жасы 20-да, күйеуі 22-де болған. Алғашқы екі жылда ерлі-зайыптыда бала болмаған. 2020 жылы көптен күткен Латофат дүниеге келді. Кейін тағы екі қыз туды, биыл ұл бала өмірге келді. Мәдина толық орта білім алмағанымен, отбасында ешқандай мәселе болмаған, – деді шенеунік.

Отбасы өздері бөлек үйде тұрған, бірақ бірнеше метр жерде Кудратуллоның анасының үйі тұр. Мәдинаның күйеуі – кәсіпкер, дүкен ұстайды, жеке шаруашылығы бар. "Олар ауқатты, діндар отбасы болатын", – деді Рахматуллозода.

Сурхоб өзеніне батып кеткен екі бала әлі табылған жоқ.

Келіншектің немере ағасы Изатулло Халимов Азаттық Азияға берген сұхбатында Мәдина көп балалы отбасында өскенін айтты – үш әпкесі және екі ағасы бар.

Тұрмысқа шыққан кезде күйеуін өзі емес, үй-іші таңдапты.

– Оны ата-анасы таңдаған адамға күйеуге берді. Жұбайымен екеуінің ортасында ешқандай мәселе болмаған. Мұндай қайғылы оқиға төбемізден жай түскендей қылды. Әлі есімізді жинап үлгермей жатырмыз. Сейсенбіде екі баланы жерледік, тағы екеуін Сурхоб өзенінен әлі іздестіріп жатыр, – деді ол көз жасын зорға ұстап.

Қоғам реакциясы

Бұл оқиға елді есеңгіретіп тастады. Әлеуметтік желіде жүздеген қолданушы жас келіншекті айыптады.

Алайда оны мұндай қадамға не итермелегенін түсінуге тырысқандар да болды:

"Әйелді қатты жазғырмаңыздар, мұндай ажал шақыратын қадамға күдер үзгендіктен, жүйкесі тозғаннан, терең күйзеліс пен шарасыздықтан барады... Жақындары, ата-анасы, енесі қайда болды? Неге қолдау көрсетпеді?"

"Қымбатты ата-ана, қыздарыңызды білім бермей ұзатпаңыздар, өйткені олар осындай қиын сәтте тығырықтан шығар жол таба алмайды..."

"Бұл – санаға сыймайтын тұңғиық азап қой. Біз оның басынан қандай қиындық өткенін, мұндай шарасыздыққа қалай түскенін білмейміз".

Мұндай жағдайды әлеуметтік контексте түсінуге тырысқан сарапшылар да бар.

"Тәжікстандағы статистика бойынша, тұрмыс құрған орташа әйел, әсіресе жас әрі кішкентай балалары барлар – ең осал топтың біріне жатады, – деді Тәжікстандағы әйел құқықтары мен жағдайы мәселелеріне арналған Tell me sister жобасының қосалқы авторы Фарзона Саидзода. – Қыздарды тым жастай, өмірден хабары аз, білім алмаған, жұмыс тәжірибесі жоқ күйінде тұрмысқа береді – сөйтіп ол күйеуіне және оның отбасына психологиялық әрі экономикалық тұрғыдан толық тәуелді болады".

Саидзоданың пікірінше, ондай тәуелділікті қоғамдағы нормалар одан әрі қиындата түседі.

"Ата-анасына қайта бару – ұят саналады. Кейде ата-ана қызына "не жағдай болса да, ешқашан қайтып келуші болма" деп ашық айтады. Мұндай жағдайда әйел тығырықтан шығар басқа жол көрмейді".

Хатлон облысы Бохтар қаласындағы "Гамхори" әйелдер қоғамдық ұйымының директоры Мәдина Низомованың қиын жағдайда қалған әйелдермен жұмыс істеп келе жатқанына 30 жыл болған. Оның сөзінше, ауылды жерде әйелдер "үйдегі ыдыс-аяқ сылдырын сыртқа шығармай", бәріне көндігіп, үнсіз шыдап үйренген.

Низомова тергеу орындарын болған жағдайдың жай-жапсарын мұқият зерттеуге шақырады.

"Психологиялық сараптама міндетті түрде жасалуы керек. Әйел неге мұндай күйге түсті? Неге қасында оны тоқтата алатын біреу болмады?", – деді Низомова.

Фарзона Саидзода Тәжікстанда көпшілікке айтпауды жөн санайтын тағы бір мәселені көтерді – әйелде босанғаннан кейін болатын күйзеліс пен психоз.

"Әйел босанғаннан кейін көмекке мұқтаж болады. Егер отбасында жайсыз атмосфера болса, бұл жағдай ушығуы мүмкін. Иә, егер дер кезінде маманға жүгінбесе, онда Мәдина тап болған жағдайдағы сияқты, салдары ауыр болуы ықтимал. Басқа елдерде мұны психикалық денсаулық мәселесі деп қарастырады, ал бірақ бізде әйелді бірден қылмыскер деп жариялайды. Адамды шұғыл көмекке мұқтаж жанды көрмей, "бала өлтірушіні" ғана көреді", – деді Саидзода.

Ол тым жас төрт кішкентай балаға қарау ауыртпалығы Мәдинаның нәзік иығына артылғанын еске салды.

"Ең жақсы деген жағдайда да бұл – үлкен физикалық және психикалық жүк. Егер мұндайда әйел жалғыз, тірексіз, білімсіз болса, қайда барарын білмесе – тығырыққа тіреледі", – деді Саидзода.

Жыл сайын қайталанатын қайғылы жайт

Тәжікстанда кейінгі жылдары осыған ұқсас бірнеше қайғылы оқиға тіркелген:

Сурхоб өзені үстіндегі көпір.

  • 2025 жылы маусым айының аяғында Тәжікстанның оңтүстігіндегі Қубодиён ауданында 24 жастағы Юлдуз Бозорова түн ішінде ұйықтап жатқан үш баласын (5, 4 және 1 жаста) пышақтаған. Балалар ұйықтап жатқанда бесікке бөленген нәрестеге пышақ жұмсап, онан кейін өз төсектерінде жатқан ересектеу балаларға пышақпен тап берген. Ең кенжесі ауыр жағдайда жатыр. Әйел қамауға алынған.
  • 2022 жылы Бободжон Гафуров ауданында Санъат Гаффорова екі баласымен бірге Сырдарияға секірген.
  • 2021 жылы Пенжікентте жас ана үш баласын асып өлтіріп, артынан өзі асылып қалған.
  • 2020 жылы Кушониен ауданында 30 жастағы Назокатхон Тоирова өз үйінде төрт баласын тұншықтырып өлтірген. Ең үлкені – 9 жаста, кенжесі – 1 жаста. Бұл оқиғаға әйел босанғаннан кейін күйзеліске түскені себеп болды деп айтылды.
  • 2020 жылы шілде айында Рашт ауданында 30 жастағы әйел 3, 6 және 9 жастағы үш баласымен бірге өзенге секіріп, өзін өлтірмек болған.
  • 2020 жылы қыркүйекте Яван ауданында 32 жастағы Курбоной Зарифова 10 жастағы қызымен бірге Вахш өзеніне секіріп, өзін өлтірмекші болған.
  • 2018 жылы мамыр айында Гиссар ауданында тұратын Сайрам Холова екі кішкентай баласымен бірге өзенге секірген.
  • 2017 жылы сәуірде 21 жастағы Мафтуна алты айлық ұлымен бірге Каферниган өзеніне секіріп кеткен.
  • 2016 жылы ақпанда 25 жастағы Зухро Махмуродова төрт қызымен бірге Вахш өзеніне секірді. Кішкентай егіз қыз екі жасқа да толмаған еді.
  • 2015 жылы қыркүйекте Вахш ауданында Саломат Пирова үш баласымен өзенге секіріп, өзін өлтірмек болған. Балалар суға батып кетіп, әйел аман қалды. Бұған босанғаннан кейінгі депрессия себеп болғаны айтылған.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Тәжікстанда жыл сайын 400-ден астам суицид пен өзіне қол салуға талпыну әрекеттері тіркелді. Негізгі себептер ретінде – отбасындағы жанжал, психикалық дерттер және ауыр материалдық жағдай аталады.

Сарапшылар қиын жағдайға тап болған әйел үшін өзіне кінә артпайтын, оны ұялтуға тырыспайтын, өзіне пана болатын, психолог жәрдемі мен сенім телефонын ұсынатын көмек өмірлік мән-маңызға ие екенін айтады.

"Елде әйелді қолдайтын – білім жағынан көмектесетін, экономикалық еркіндік беретін, зорлық-зомбылықтан қорғайтын және оңай қол жеткізуге болатын психологиялық көмек ұсынатын нағыз жүйе пайда болғанша, қоғам кез келген заңнан да мықты стереотиптерге сүйеніп өмір сүруін тоқтатпайынша – мұндай қайғылы оқиғалар қайталана бермек", – деді Мәдина Низомова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Адам өлтіру жоспары ма, әлде арандату ма? "Күйеуін өлтіруге киллер жалдаған" әйелдің ісі
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бала туу адам төзгісіз қиын деп неге ешкім айтпаған?" Босанғаннан кейін күйзеліске түскен аналардың әңгімесі