2025 жылғы 7 шілдеде Ұлыбритания Украинаға қарсы соғыста химиялық қару қолданылған деген болжамдарға байланысты Ресейдің екі жеке тұлғасына және бір ұйымына қарсы санкциялар енгізді. Жаңартылған санкция тізімі Ұлыбритания үкіметінің ресми сайтында жарияланды.
Санкцияға Мәскеу маңындағы Сергиев Посад қаласында орналасқан Ресейдің қолданбалы химия ғылыми-зерттеу институты ілікті. Оған қоса, Ресей қарулы күштерінің радиологиялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскері бастығы Алексей Ртищев пен оның орынбасары Андрей Марченко да санкция тізіміне енгізілді.
Санкция тізіміне берілген түсіндірмеде Ресейдің қолданбалы химия институты "Украинаға қарсы соғыста қолданылып жатқан улы заттармен жабдықталған оқ-дәрілерді әзірлеумен айналысатыны, ал Ртищев пен Марченко химиялық қару қолдануға қатысқаны" айтылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ Ресейді Украинаға қарсы соғыста хлорпикрин қолданды деп айыптадыБылтыр күзде АҚШ-тан кейін Ұлыбритания да Ресейді майданда хлорпикрин қолданды деп айыптаған. Бұл затты Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйым (Organisation for the Prohibition of Chemical Weapons, OPCW) химиялық қаруға жатқызған. Хлорпикрин адамның жүйке жүйесін зақымдайтын ең қауіпті улы заттарға жатпайды, бірақ ол адам ағзасын қатты тітіркендіріп, ал егер көп мөлшерде болса тұншықтырып тастайды.
Сол жолы Ұлыбритания Ресей әскері Украинада химиялық қару қолданған болуы мүмкін деген күдікпен Ресейдің үш мекемесіне және бір азаматына қарсы санкция жариялаған еді. Санкция тізіміне Ресей қорғаныс министрлігінің 27-ші және 33-ғылыми-зерттеу орталықтары, Ресей қарулы күштерінің радиологиялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскері және оның сол кездегі басшысы Игорь Кириллов енгізілген. Кириллов 2024 жылдың желтоқсанында жарылыс салдарынан қаза тапты. Енді оның орнын басқан Алексей Ртищев те Ұлыбритания санкциясына ілініп отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеуде химиядан қорғаныс күштерінің басшысы жарылыстан қаза тапты